12 Тамыз, 2015

Абылай алаңынан – Ұлытауға

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Логотип 550 жылБиылғы мерекелі жылы Көкше жұрт­­шылығы қоғамдық өмірдің барлық саласында игі бастамаларымен ел назарын аударуда. Соның бірі ретінде спортшы мұғалімдер Қалибек Әбілов пен Балғабай Құлпейісовтің Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне 550 шақырымдық сапар бастауын айтар едік. Марафоншы азаматтар тәлімдік шара аясында Бурабайдағы Абы­лай хан алаңынан Қарағанды облы­сындағы «Ұлытау» ұлттық тари­хи-мәдени және табиғи қорық мұра­жайына дейін жаяу жүріп өтпек. Тәуелсіз Қазақстан Республи­касының және «Нұр Отан» партия­сының туларын асқақ көтерген жігіттерді Ақмола облысының танымал тұлғалары мен «Жас Отан» ­жастар қанатының белсенділері, қалың жұртшылық айрықша салтанатпен шығарып салды. – «Нұр Отан» партиясы өз елінің тарихын дәріптеумен қатар, саламатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттап жүрген азаматтарды әрқашан қолдап, демеушілік көмек көрсетіп отырады, – деді партияның Ақмола филиалы «Жас Отан» қанатының жетекшісі Жанаргүл Жүнісова. – Мұндай танымдық шаралар жастар бойында патриоттық рухты қалыптастырып, тарихи оқи­ғаның маңызын қалыңдата түседі. Марафоншылар сапар барысында Қазақ хандығының қалыптасуында өзіндік тарихи орны бар елді мекендерде болып, тұрғындармен кездесулер өткізеді. Олар алдымен Ақмола облысының Бұланды, Шортанды, Целиноград, Қорғалжын аудандарындағы мәдени-көпшілік шараларға қатысып, Астана, Шұбар­көл, Жезқазған, Сәтбаев қалала­рының тұрғындарымен қауышады. Ұлытауға жасалған ұлы сапар сәтті аяқталатынына сенім мол. Өйт­кені, көкшелік қос желаяқ бұ­ған дейін Құрманғазы, Абай, Бөген­бай батыр мерейтойларына, Түркі­станның 1500 жылдығына, Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 10 жыл­дығына және Абылай ханның 300 жылдығына арналған марафондық мерейлі межеге абыроймен жеткені ел есінде. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.